EsenjanovЖазушы Есенжанов Хамза Ықсанұлы 1908 жылы 25 желтоқсанда Орал губерниясының Жымпиты уезіне қарасты Көпірлі-Аңқаты ауылында дүниеге келген.

Хамза Есенжанов Алматы малдәрігерлік техникумында, Қазақ  педагогикалық институтында оқып, білім алған. Студент кезінде Хамзаның өлеңдері мен мақалалары баспасөз беттерінде жариялана бастайды.

Хамза Есенжанов 1936 жылы алғаш еңбек жолын КСРО Ғылым академиясындағы сол кездегі Қазақ филиалының әдебиет секторының жетекшілігінен бастайды. Одан кейін Алматыда филармония мен опера театрының директоры қызметін атқарып, өнер саласының дамуына үлес қосады.

Жазушы педагогикалық институтта ХVIII-XIX ғасырдағы орыс әдебиетінен студенттерге дәріс оқып, Гельдони мен Тургенев шығармаларын қазақ тіліне аударады. Бастауыш және орта мектептерге арнап оқулықтар жазады. Сол жылдары «Лениншіл жас» газетінің беттерінде шыққан жазушы қаламынан туған «Қызыл құмақ» повесі және басқа сын мақалалары оқырмандардың жоғары бағасына ие болады.

Қазақ зиялыларына төнген қара бұлттың әсерінен қамауға алынған ол 1938-1956 жылдар аралығындағы он жеті жыл үзілістен соң әдебиет әлеміне қайта оралып, творчестволық ізденісте жүріп, көптеген еңбектер жазып қалдырды. Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясы, «Көп жыл өткен соң», «Ағайынды Жүнісовтер» романдары, «Елші трагедиясы» атты драмасы, әңгіме, публицистикалық мақалалары, аудармалары қазақ әдебиетіне үлкен үлес болып қосылды. Михайл Шолоховтың «Тынық Дон» атты атақты еңбегі қазақ тіліне тәржімаланды.

1967 жылы «Ақ Жайық» трилогиясы үздік туындылар қатарында оқырман қауымның әділ бағасын алып, осы еңбегі үшін Хамза Есенжановқа Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы беріледі.

Хамза Есенжанов Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Хамза Есенжанов 1974 жылы 5 желтоқсанда өмірден өтті.

Myrza aliАқын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі 1935 жылы 5 қаңтарда Орал облысы, Жымпиты ауданында дүниеге келген.

1958 жылы Қадыр Мырза Әлі ҚазМУ-дің филология факультетін, содан соң аспирантурасын бітірген. 1958-1962 жылдар аралығында «Балдырған» журналында әдеби қызметкер, 1962-1965 жылдары «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, 1968-1973 жылдары «Жазушы» баспасында поэзия редакциясының меңгерушісі, 1973 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы поэзия секциясының меңгерушісі қызмет атқарды.

Қадыр Мырза Әлінің алғашқы өлеңі 1954 жылы «Пионер» журналында жарияланған. Тұңғыш жинағы «Көктем» 1959 жылы жарық көрді.

Ақынның «Жаңғалақтар» (1960), «Кішкене қожанасырлар» (1961), «Данышпан» (1961), «Ноян-қоян» (1962), «Алуан палуан» (1963), «Сабақ» (1964) атты кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес болды. Ақын «Ой орманы» (1965), «Дала дидары» (1966), «Ақ отау» (1968), «Домбыра» (1971), «Көш» (1973), «Жерұйық» (1976), «Алақан» (1977), «Қорамсақ» (1980, 1981), «Қызыл кітап» (1983), «Күміс қоңырау» (1970 – 85) жыр жинақтарында нәзік лирикалық сезімді терең философиялық ой-толғаныстарымен шебер ұштастырған. «Мәңгі майдан» (1993), «Биік баспалдақ» (1993), «Үкілі үзінділер» (1996), «Ғибратнәмә» (2001), «Алаштың арманы» (2001), «Жазмыш» (2001), «Еңіреп өткен ерлер-ай» (2001), «Иірім» (2004), «Шырғалаң» (2004), «Алмас жерде қалмас» (2004), тағы басқа 40-тан астам жыр жинақтары мен балаларға арналған топтамалардың авторы. Оның әнге арнап жазылған өлеңдерінің саны 200-ден астам.

Қадыр Мырза Әлінің  өлеңдері ағылшын, француз, неміс, болгар, венгр, фин тілдеріне аударылған. Орыс тілінде «Бессонница» (1967), «Белая юрта» (1968), «Соловьиный сад» (1971), «Степные пути» (1975), «Твой дом» (1976), «Верхная струна домбры» (1976), «Ладони» (1984), «Нижняя струна домбры» (1985), тағы басқа кітаптары жарық көрсе, өзбек тілінде «Күміс қоңырау» (1975), қырғыз тілінде «Алақан» (1979), әзербайжан тілінде «Бұлбұл бағы» (1980), моңғол тілінде «Шымыр жаңғақ» секілді еңбектері басылды. Аударма ісінде М. Овидий, Руми, В. Гюгю, Г. Гейне, М. Лермонтов, С. Есенин, Я. Райнис, Л. Родари, Э. Межелайтис, К. Кулиев өлеңдерін, Ш. Петефи мен С. Сүлейменовтің («Атамекен») жыр жинақтарын қазақ тіліне аударған.

Қадыр Мырза Әлі  «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы (1966), «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы(1980),  ҚР Мемлекеттік сыйлық лауреаты (1980),  «Әлемдік поэзияға қосқан аса зор еңбегі үшін Моңғолияның халықаралық «АВЬЯС» сыйлығы (1993),  Қазақстанның халық жазушысы (1995), Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы (2001), Достық ордені, Парасат орденінің иегері.

2011 жылы 24 қаңтарда өмірден өтті.

JumagalievАқын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайрат Жұмағалиев 1937 жылы 19 қыркүйекте Бөкей ордасы ауданы, Бисен ауылында дүниеге келген.

Бастауыш мектепті Теректі ауылында оқыған, Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Азғыр мектеп интернатында тәрбиеленген. Капустин Яр сынақ полигонының ашылуына байланысты Орда ауданы таратылып, халқы Оңтүстік Қазақстанға көшірілген соң, 1954 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай ауданында III Интернационал атындағы қазақ орта мектебінде білім алған.

1959-1984 жылдар аралығында «Жазушы» баспасында,1985-1992 жылдары Қазақ республикалық теледидарының Әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясында қызмет атқарған. 1993-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының аударма-редакциялық бөлімінде сектор меңгерушісі, кеңесші,  «Сарыарқа» журналында редактор қызметтерін атқарды.

1964 жылы «Тұңғыш» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Бұдан соң «Жанар» (1966), «Перзент үні» (1967), «Сахара» (1970), «Сәске» (1976), «Құбажон» (1980), «Көңілімнің сарасы» (1982), «Құланиек» (1989) атты жинақтары шықты. Балаларға арналған «Жеңісбай» (1960), «Ататау» (1977), «Ақмарал» (1979), «Кім көріпті мұндайды» (1981), «Ақ тоқаш» (1984), «Төлбасы» (1993) атты кітаптары жарық көрді. Бірқатар шығармалары орыс тіліне аударылған. Жекелеген шығармалары ТМД халықтары тілдерінде, сонда-ақ ағылшын, француз, неміс, испан, поляк, араб, венгр тілдерінде жарық көрді. Әлем поэзиясының озық үлгілерін қазақ тіліне аударды.

Қайрат Жұмағалиев «Молодая гвардия» журналының, «Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты. Беларусь Республикасының Құрмет Грамотасымен, Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен, КСРО-ның «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Ерлік еңбегі үшін» медальдарымен, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының грамоталарымен марапатталған.

Ақын  2013 жылы 18 желтоқсанда дүниеден өтті.

Ойшыл ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қараш 1875 жылы Жәнібек ауданында дүниеге келген. Жастайынан жетім қалып, ағайын-туыстарының қамқорлығымен ауыл молдасынан оқып, сауат ашады.

1902 жылы өз ауылында бала оқытады. 1911-1913 жылдары «Қазақстан» газетінің жұмысына ат салысқан. Сол жылдары Орынбор қаласында Шәңгерей Бөкеевтің қамқорлығымен ел аузынан жинаған әдеби мұраларды құрастырып, «Шайыр», «Көксілдер» атты екі жинақ жариялайды. Ғұмар Қараштың «Бала тұлпар» (Уфа, 1911), «Қарлығаш» (Қазан, 1911), «Тумыш» (Уфа, 1911), «Аға тұлпар» (Орынбор, 1914), «Тұрымтай» (Уфа, 1918) аталатын бес поэзиялық, «Ойға келген пікірлерім» (Орынбор, 1910), «Өрнек» (Уфа, 1911), «Бәдел қажы» (Қазан, 1913) дейтін үш зерттеу кітабы жарық көрген.
Ғұмар Қараштың өлең-толғауларында, көсемсөздері мен мақалаларында заман, өмір, дін шариғат, табиғат, махаббат т.б. мәселелер туралы толғанады, патша үкіметінің отарлаушылық саясатын, жергілікті әкімдердің екіжүзділігін сынап, халыққа адал қызмет етуге үндейді. Өз тілі мен мәдениетін сақтай отырып, ғылым, білімге ұмтылуды, мәдениетті елдерден үлгі алуды насихаттайды.

Өлең толғаулары философиялық ой-пікірлерге бай, бейнелі, әсерлі келеді.
Ғұмар Қараш 1917 жылы Ақпан революциясынан кейін ұйымдасқан «Алаш» партиясына, Алашорда үкіметіне үлкен үмітпен қарап, «Алаштың азаматтарына» атты арман мен үмітке толы өлеңдерін жариялайды. Ол қоғамды қан төгіспен, күшпен, зорлық-зомбылықпен өзгертуді қаламаған.

Бірақ амалсыздан кеңестік кезеңге икемделуге тура келгенін сезініп, рухани толғанысқа түседі. 1917 жылы мамырда Ордада өткен Бөкей қазақтарының съезіне, сол жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен 2-жалпықазақ сьезіне қатысып, баяндама жасайды.

1918 жылы Ордадағы педтехникумда сабақ береді, Бөкей губерниясы мұғалімдерінің 1-съезіне (24 қыркүйек, 1918), 1918-1920 жылдары өткен сол  губерния кеңестерінің 1, 2, 3, 4 - съездеріне делегат болып қатысады.
1919 жылы Бөкей губерниясының атқару комитетінде қызмет істейді, коммунистік партия мүшелігіне өтеді. Қазақтың тұнғыш педагогикалық журналы «Мұғалімге» басшылық етеді, сол журналда «Педагогика» атты еңбегін жариялайды.

 1920 жылы Бөкей губерниясының атқару комитетінде бөлім басқарады.

1921 жылы 12 сәуірде Құнаншапқан деген жерде қарақшылар қолынан қаза тапты.
Ғұмар Қараш-20 ғасырдың бас кезіндегі «Қазақ дұрыстығы», «Қазақстан», «Айқап», «Дұрыстық жолы», «Шора», «Абай» сияқты газет-журналдарда мақалаларын жариялаған. Ғұмар Қараш шығармаларын «Ғұмар Қараш баласы», «Ғұмар Қарашұлы», «Ахунд Ғұмар Қарашұлы», «Ғұмар әл-Қараши», «Бөкей елінің бір баласы», «Ғұмар Қараш», «Ғ. Мұштақ», «Ғабдолла Мұштақ», «Оразақай», «Қазақаев», «Ғұмар Қарашев» деген есімдермен жариялап отырған.

Ғұмар Қараштың шығармалары мектеп оқулықтарында, орыс тілінде жарық көрген «Қазақ поэзиясының антологиясы» мен «Қазақстан ақындары» жинағында, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған.

Өлең, толғаулары мен философиялық ой-толғамдары және әңгіме, мақалалары «Замана» деген атпен жарық көрді.

Кердері Әбубәкір ақын Батыс Қазақстан облысы, Теректі өңірінде дүниеге келген. Руы Жетіру, Кердері.

Жасында Орынбор, Троицк қалаларында оқып, мектеп, медресе бітіргеннен кейін Орынбор, Орск, Ақтөбе, Атырау қалалары маңында болған.

Өлеңдері «Әдебиет Қазақия» деген атпен екі рет (1902, 1905) Қазан қаласындағы «Кәрімовтер баспаханасында» жарық көрді.

Бұл кітаптарға ақынның заман, дін, оқу, білім, қазақ халқының өткені мен қазіргі хал-жағдайы туралы өлең-жырлары, айтыс өлеңдері енгізілген.

Бірнеше өлеңдері «Үш ғасыр жырлайды» (А., 1965) жинағына, Әлім Қожақметпен айтысы «Айтыс» кітабына (А., 1965) енді.

1994 жылы Алматы қаласынан барлық шығармаларын қамтыған «Қазағым» атты жинағы жарық көрді.

Молдағалиев Жұбан - 5 қазанда   1920  жылы Тайпақ ауданы, Жыланды ауылында дүниеге келген.

Жұбан Молдағалиев ақын, Қазақстан Халық жазушысы (1985), КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1978), 1940 жылы Орал ауылшаруашылық техникумын бітіріп, 1940 - 1947 жылдары әскер қатарында болды. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1948 - 1952 жылдары «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жауапты қызметкер атқарған. 1958 - 1963 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болған. Бірнеше жыл Қазақстан Жазушылар одағын басқарды.

КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы әдебиет, көркемөнер және арихитектура саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитетінің, «Новый мир» журналының редколлегиясының және библиотека «Библиотека почта» басылымы редколлегиясының мүшесі болды.

1949 жылы алғашқы жыр жинағы «Жеңіс жырлары» шықты. Содан бергі уақытта 1960 жылы астам кітабы, әр кезеңде қазақ және орыс тілдерінде таңдамалы шығармаларының бірнеше томдары жарық көрді.

1970 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, содан кейін КСРО қорғаныс Министірлігі сыйлығының лауреаты атанды және А.Фадеев атындағы алтын медальды иеленді.

А.Бақтыгереева - ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы, «Алаш» сыйлығының лауреаты. 1961-1966 жылдары Қазақ қыздар педагогикалық институтының филология факультетінде оқыды.

А.Бақтыгереева еңбек жолын «Орал өңірі» облыстық газетінде

бастаған. «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті» газеті редакцияларында, «Жазушы» баспасында қызмет атқарды. 1967 жылы «Өрімтал» атты алғашқы өлеңдер жинағы

жарық көрді. Кейіннен  «Наз» (1969), «Қуанышым,іңкәрім» (1971), «Сені ойлаймын» (1973), «Ақ қанат» (1975), «Бақыт әні» (1978), «Жайық қызы», «Белокрылая» (1981),  «Ақ желең» (1985),  «Сүмбіле» (1990),  «Ақ шағала» (2001) атты кітаптары басылып шықты. Ақын өлеңдері орыс тіліндегі «Песня.Мечта.Любовь», «Чудесный сад», «Лебединая верность» (1980), топтамаларына енді. «Советская женщина», «Огонек» журналдарының (1980) жүлдесін алған. ТМД елдері ақындарының (Зүлфия, Кузовлева, Н.Басиков, С.Капутикян және т.б.) өлең -жырларын қазақ тіліне аударған.

А.Бақтыгереева М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінің құрметті профессоры, қазіргі кезде Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің ұстазы. Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева маңызды істерде үнемі жұмысбастылы жүруіне қарамастан жастармен кездесуге уақыт тауып оларға сөз өнерін меңгеруді үйретеді.

2004 жылы Орал қаласының  Құрметті азаматы атанды.

Облыс мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін Ақұштап Бақтыгереева бірнеше рет алғыс хаттармен және 2005 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталған.

2014 жылы Президент стипендиясының иегері.